сейсенбі, 1 сәуір, 2025 1:20

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Әуесқой театр клубы: "Қыз Жібектің" 55 жылдығын атап өтті

Әуесқой театр клубы: "Қыз Жібектің" 55 жылдығын атап өтті
Фото: Oimaqnews.kz
Назарбаев Университетінің қабырғасындағы әуесқой театр клубы “Kazakh Stage” көптен күткен әсерлі, драмаға толы “Қыз Жібек” қойылымын көрермендер назарына ұсынды. Қазақ классикасының жауһары саналатын бұл спектакльде Қыз Жібек пен Төлегеннің мәңгілік махаббаты, әке мен бала арасындағы күрес, туған жерге деген сүйіспеншілік, азаматтық парыз тақырыптары кеңінен қамтылды.

1500-ден астам көрерменнің ықыласына бөленген қойылым актерлік шеберліктің жаңа деңгейін көрсетті. Көрермендер қазақ халқының бай салт-дәстүрлері мен ұлттық болмысын дәріптеген бұл қойылымнан терең әсер алып, ерекше рухани күй кешті.

Қойылымның бас режиссері спектакльдің идеясы шілде айында, эпосты алғаш оқыған кезде пайда болғанын тілге тиек етті. Әсіресе, Төлегеннің 210 қыздың ішінен ең алғаш Жібекті кездестіретін сәті ерекше әсер қалдырған. Осыдан кейін Астанадағы театрларда қойылған “Қыз Жібек” спектаклін тамашалап, Брусиловскийдің операсын тыңдаған соң, бұл шығарманы сахналауға деген ниеті нығая түскен.

Режиссер шығармашылық үдерістің оңай болмағанын атап өтті.

–Дайындықты біз күзде бастаған болатынбыз. Алғашында мен актерлермен ешқандай текстсіз жұмыс істеп бастап көрмекші болдым. Образды сахналардың қаңқасын құрап алып, диалогқа толы сахналарды актерлердің өздерінің фантазиясына қалдырдым. Кейбіреуі тез бейімделіп кеткенімен, біраз адамдармен процесс қиындау өтті. Біз қойылымымызды келесі жылға шегердік. Мен Қыз Жібек туралы білімімді арттыра түсуге тырыстым. Ұжым тарапынан диалогтың тексттерін бекітуді сұрады. Мен жартысын бекітіп, жартысын алдындағы этюд методымен жасауды шештім. Құдай қолдап осы жолы сахналарымыз сәтті шыққандай болды.

 

 

Көзі қарақты көрермендердің ішінде «Қыз Жібек» кинофильмінде Қыз Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешов те болды.

–Биыл “Қыз Жібек” фильмінің көрерменге жол тартқанына 55 жыл толып отыр. Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қыз Жібек образы қазақ әдебиеті мен мәдениетінде қашанда ерекше орын алады. Осындай ұлы мұраны спектакль ретінде сахналап, көрерменге ұсынған “Kazakh Stage” театрының ұжымына алғысымыз шексіз. Жас актерлердің шынайы өнеріне тәнті болдық. Театрда қойылым қою, әсіресе, "Қыз Жібек" сынды классикалық туындыны сахналау оңай шаруа емес. Дегенмен, жастарымыздың бұл жауапкершілікті абыроймен алып шыққаны қуантады. Залда отырған көрермен, әсіресе, жастардың қойылымды соңына дейін тамашалап, рухани ләззат алғаны да қуанышты жайт, – деді ол.

Режиссер алдағы уақытта басқа да спектакльдерді сахналау жоспары бар екенін жеткізді. Театр қойылымдары шығармашылық ұжымның ішкі жан дүниесін ашып, көрерменмен ерекше байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, “Kazakh Stage” театры ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен сахналық өнерді дамыту жолында өз жұмысын жалғастыра бермек.

Қазақ мәдениеті мен руханиятына терең бойлаған бұл қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, театр өнерінің жаңа белесін көрсетті. "Қыз Жібек" секілді ұлттық мұраларды жаңаша сипатта сахналау – өнер сүйер қауым үшін зор қуаныш.

 

Ә.Саматұлы

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар