
"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім саласында атқарылған өзгерістерге тоқталып, әлі де атқаратын ауқымды әрі түйткілді проблемалар жөнінде айтты, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
– Осыдан алты жыл бұрын, егер мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылып, қарапайым жұмысшы мамандары, Ақордада, мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді.
Бірақ заман өзгерді. Қазір енді, бұл бастамаларға таңғалмақ түгілі қалыпты жағдай, норма ретінде қарайтын болдық. Әрқашан, бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақытылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық. Бірақ біз бұл бастамалардың қалай басталғанын, қандай қарсылықтар мен кедергілер болғанын жақсы білеміз. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттарға апаратын нақты жолды салып, ауқымды реформаларды жүргізіп, іске асырды, – деп атап өтті депутат.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде ең алдымен білім беру жүйесіндегі тарихи өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бұрын мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мәжбүрлі түрде газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, шексіз есеп беру міндеттері заңмен тоқтатылды. Тіпті, бүгін осындай жағдайлар болса, оған қоғамның өзі қарсылық танытып, резонанс тудыратын жағдайға келдік. Бұрын мұғалім мамандығын түлектер амалсыздан, абыройлы мамандықтарға түсе алмағанда ғана таңдайтын. Ал қазір ол беделді мамандықтың қатарына кірді. Енді бұл мамандыққа ең мықты түлектер түсіп жатыр. Мысалы, педагогикаға түсетін талапкерлердің орташа балы 55-тен 100 балға дейін көтерілді. Педагог мәртебесін көтеру – Президенттің маңызды реформасы, әрі балалардың жарқын болашағына деген айқын қадам», – деді депутат.
Аймағамбетов Президенттің «Жайлы мектеп» жобасына да ерекше тоқталып өтті.
– Енді мектептің қай жерде орналасқаны маңызды емес – ауылда ма, қалада ма – барлық жерде бірдей, жоғары стандарттар: заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. Бұл бұрынғыдай тек облыс орталықтарында ашылатын 20-30 элиталық мектеп емес. Бұл – бүкіл ел бойынша, оның ішінде шалғай ауылдарда салынған 217 жаңа әрі жайлы мектеп. Имидждік объектілер емес, шын мәнінде елге қажет мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Өйткені әр жаңа мектеп – жай ғана ғимарат емес. Әр мектеп ол нағыз болашақтың фабрикасы, – деп нақтылады депутат.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты әлі де атқаратын ауқымды әрі түйткілді проблемалар бар екенін айтты.
– Мысалы, МӘМС бойынша әлі шешілмеген сұрақтар көп. 3,5 млн МӘМС-пен қамтылмаған азаматтар, сапалы медициналық көмекке қолжетімділік, реттелмеген тарифтер проблемалары. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды берді.
Тағы бір үлкен сұрақ – жүздеген мың азаматтық қызметкерлердің жалақысының төмендігі мен 500 мың мүгедектігі бар жандардың, бүгінгі нарық пен бағаларға сай келмейтін жәрдемақы мәселесін де болашақта шешуіміз қажет.
Президент Ұлттық құрылтайда «Адал азамат» пен ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Енді мұғалімдер мен барлық қоғам сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстарын одан әрі күшейтуі қажет.
Атқарылған реформалардың барлығы – ел Президентінің жаңа, заманауи саясатының айқын көрінісі, – деп түйіндеді депутат.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.