Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ – Ринат Зайытов
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы «Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» атты тақырыпта өтті.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы «Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» атты тақырыпта өтті. Отырыста депутат Ринат Зайытов Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатқанын айтты.
Бүгінгі келелі жиын үш жылдықтағы саяси реформалардың аралық нәтижесіне арналып отыр. Әрине, жасағанымыздан алда жасайтынымыз көбірек. Ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Бұл – тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы. Қазақта «балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса», – деген жақсы сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен шынымен Мәжіліске келгенде ғана түсінгендеймін. Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар. Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің! Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, «Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды» деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз!, - деді Ринат Зайытов.
Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек.
Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыруы керек. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді. Құдайға шүкір, Мәжіліске келген уақыттан бері қадамымыз нықталып, бойымыз шынығып келе жатыр. Себебі Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, кейінгі буын ұқсата білсе, одан да арғы ұрпақ та қызығын көретін заңдар шығарып жатыр деп айта аламын. Иә, мақтанатын да, ақталатын да, алда атқаратын да жұмыс көп. Дегенмен, беталысымыз жаман емес. Бүгінде мемлекетте болып жатқан өзгерістерді «көрмес» қана байқамайды. Бұл ретте Парламенттің ықпалы айтарлықтай артып, халық депутаттардың кім екенін, олардың не істейтінін тереңірек түсінді. Мәжілісте апта сайын сауал жолдап, үкімет мүшелерін сұрақтың астына алып жатқан депуттарға қарап халықтың ойындағы өшкен үміт қайта тірілді. Бұрын ел арасында, көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілменен амалсыз басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз, - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді. Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, ол – Парламент.
Қазір Мәжіліс пен Мәслихаттардың қарым-қатынасы қоюлап, елдің ортасында жүрген әріптестерімізбен ұдайы хат-хабар алысып отырмыз. Бұл байланыстың нығаюына «AMANAT» партиясы өткізіп келе жатқан «Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы» тікелей әсер етті. Аймақтағы депутаттармен бірге атқарушы биліктің де қатары жаңарып, күшейе түсті. Әрине, мемлекттегі оң өзгерістердің барлығының негізінде Президенттің ойлы саясаты мен батыл бастамалары тұр. Уығы мықты үйдің ғана шаңырағы шайқалмайтыны баршамызға аян, - дейді Ринат Зайытов
Сөз соңын Ринат Зайытов өлеңмен аяқтады:
Болсақ дағы қанша жерден ірі біз
Бәріміз де жаратқанның құлымыз.
Мемлекеттің шын ойласақ ертеңін
Таптамайық бірімізді біріміз
Даттамайық бірімізді біріміз
Қанша батпан болса дағы мұңымыз
Бәрі өтпелі екендігін біліңіз
Жалтыраған бұйымы үшін жалғанның
Таламайық бірімізді біріміз
Сабамайық бірімізді біріміз
Қанамайық бірімізді біріміз
Бәрі ортақ: жер мен аспан, күніміз.
Ауылымыз, дәстүріміз, тіліміз.
Келешегі болу үшін солардың
Атпайықшы бірімізді біріміз
Сатпайықшы бірімізді біріміз.
Сақтайықшы бірімізді біріміз!