Нәрестесін дәрігерлер күйдірген: әйел шындық іздеп шырылдап жүр
Камаль Оразғалиева 2 қаңтарда босанған еді.
Семейде төртінші баласын босанған келіншек шындық іздеп шырылдап жүр. Себебі айы-күні жетіп, аман-есен босанған нәрестесін дәрігерлер оңдырмай күйдіріп тастаған. Алғашында дәрігерлер баланың жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған көрінеді. Енді «бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін» деп ақталып әлек, деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Әділдік іздеп шырылдаған ата-ананың айтуынша, дәрігерлер мұны тәулік бойы жасырып, тіс жармаған. Ал екінші күні анасына шақалақтың жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған көрінеді. Бір-ақ дүйім жұртты дүрліктірмеуді өтінген.
Олардың айтуынша, бала жылытуға арналған төсенішке күйіп қалған. Мен бірден төменгі қабатқа түсіп, қарадым. Артынша олар жараны жарып, хирург шақырды. Сондай-ақ менен айқай-шу шығармауымды сұрады. Осы күнге дейін күйікпен емдеп келген болатын. Енді «тұқымынан берілуі мүмкін, күйік емес» деп отыр, - дейді сәбидің анасы Камаль Оразғалиева.
Дәрігерлер алғашында абдырап қалып, сұхбат беруден шетінен жалтара бастады. Кейін «сәбиді күйдірмедік, бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін» деп ақталуға көшті. Бірақ оның қандай сырқат екенін анықтауға шамасы жетпей отыр. Сондықтан олар шақалақты дереу Астанаға аттандырамыз дейді.
Басында біз күйік деп есептедік. Оны жоққа шығармаймыз. Ол диагнозбен Астанадағы дәрігерлерге бәрін айттық. Оны жоққа шығарып отырған ешкім жоқ. Қазір бұл белгілер күйікке ұқсамай жатыр. Қалыпты жағдайда күйік алты тәулікте жиналып, өзіңіз қолыңызды күйдірсеңіз де, ол жақсарады, - деп түсіндірді Абай облысының бас неонатолог дәрігері Шынар Астаева.
Алайда зар қаққан ата-ана дәргерлердің сылдыр сөзіне сенбейді. Ал нәрестенің тұқым қулайтын дертке шалдығуы мүмкін деген уәжіне сенбей отыр. Олардың пайымынша, нәресте салғырттықтан күйіп қалған. Қазір олар әділдік іздеп полиция қызметкерлеріне арыз жазды.