Руханият

QyzPU-да академик Кеңес Нұрпейісұлының 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференцияға ғалымдар, профессорлық-оқытушылық құрам, мектеп мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар қатысты.

 

QyzPU-да Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен белгілі тарихшы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейісұлының 90 жылдығына орай «Нұрпейіс оқулары» аясында «Тарихи жад және ұлттық бірегейлік» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ғалымдар, профессорлық-оқытушылық құрам, мектеп мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Академик Кеңес Нұрпейісұлының отандық тарих ғылымына қосқан баға жетпес үлесін айқындау, Алаш қозғалысын зерттеудегі еңбегін саралау, сондай-ақ ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының маңызды мәселелерін жан-жақты талқылау – конференцияның басты мақсаты. Ғылыми жиын аясында баяндамалар тыңдалып, пікірталастар ұйымдастырылды. 

«Кеңес Нұрпейісұлы ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басына түскен барлық ауыртпалықты өз басынан өткерді. Қиындықтарға қарамастан, өмірлік биік белестерді бағындырды. Ол 20-дан аса монография, 500-ден астам мақала жазып, 30-дан астам ғылым кандидатын, 10-нан аса ғылым докторын дайындады. Өз естелігінде: «Қай жерге бармайын, Ресей, көршілес Ташкент, Омбы, Орынбор архивтерінен түгелдей Алаш қайраткерлері туралы құпия құжаттарды жинай бастадым. Тәуелсіздік алған кезде саяси қуғын-сүргін құрбандарын, Алаш қайраткерлерін ақтау туралы мемлекеттік комиссияға тарихшы ретінде қосылып, бірден Алаш партиясы қайраткерлері туралы еңбектер жаздым», – деген еді. Кеңес Нұрпейісұлы көзінен нұрын шашқан нұрлы адам болатын. Бізге, кейінгі ұрпаққа, адамгершіліктің үлгісін көрсетіп кетті», – деді  тарих ғылымдарының кандидаты, бауыры Нұрпейіс Талдыбек Әліұлы.

Конференция бірнеше бағыт бойынша өтті. Қатысушылар кеңестік кезеңдегі ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері, 1960–1990 жылдардағы қоғамдық-саяси өзгерістер, Қазақстандағы кеңестік модернизация үдерістері, білім, ғылым және мәдениеттің дамуы сияқты өзекті тақырыптарды кеңінен қарастырды. Сонымен қатар Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасы мен оның Алаш қозғалысын зерттеудегі еңбектеріне ерекше назар аударылды.

«Кеңес Нұрпейісұлы Қазақстанда тарих ғылымының қалыптасуына айтарлықтай еңбек еткен тұлға. Бұл кісі екі дәуірді бірге қамтиды: Совет кезеңі мен Тәуелсіздік кезеңінде тарих ғылымы саласында жемісті еңбек еткен ғалымдар қатарында. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында тарих ғылымында іргелі өзгерістер басталды. Кеңес Нұрпейісұлы «Алаш һәм Алашорда» атты үлкен монографиялық еңбек жазды. Сол арқылы Алаш қозғалысына ғылыми тұрғыдан ақтау ісіне зор үлес қосты», — деді қазақстандық тарихшы ғалым, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев Құлжабайұлы.

Тағылымды жиында «Қазақстандағы 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар конференцияға келген ғалымдар Кеңес Нұрпейісұлы атындағы мерейтойлық төсбелгімен марапатталып,  академиктің 90 жылдығына орай 9 студент пен жас ғалымдар Кеңес Нұрпейісұлы атындағы стипендияның иегері атанды.

Бұл басқосу Кеңес Нұрпейістің ғылыми мұрасын жаңаша бағамдауға, тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті зерттеуге тың серпін берді.