жұма, 14 наурыз, 2025 16:15

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Малайзия инвесторы: Бізді елден шығарып жатыр

Малайзия инвесторы: Бізді елден шығарып жатыр
Фото: Globalnews
Астанада Малайзия инвесторы мен отандық квазимемлекеттік компания арасында инвестициялық келісімшарттың бұзылуы себепті баспасөз конференциясы өтті.

Малайзиялық инвестор Хии Вэй Вэн Астанадағы үлкен құрылыс жобасына қатысты 96 млрд теңгелік келісімшарттың заңсыз тоқтатылғанын айтып отыр. «Бұл жобаны әрі қарай жүзеге асыруға кедергі» дейді ол.

Сондай-ақ шараға қатысушылар ғарыштық бағдарламалар мен инвестициялық жобалармен айналысатын «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы келісімшартты біржақты бұзғанын мәлімдеді. Қазақстандағы малайзиялық құрылыс компаниясының бас директоры Шыңғыс Ахановтың айтуынша, бұл ауқымды құрылыс жобасының аяқталуына қауіп төндіріп, Қазақстанның инвестициялық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Соттар «Қазақстан Ғарыш сапары» компаниясының келісімшартты бұзу туралы шешімін заңды деп таныған. Бірақ инвестор соттың шешімімен келіспейтінін және өзіне қатысты әділетсіздік жасалғанын айтып отыр.

Құрылыс жобасының тарихы

2018 жылы малайзиялық инвестор Астанада 14,5 гектар аумақта құрылыс жобасын жүзеге асыруға шақырылған. Компания өкілдері осы уақытқа дейін жоспарланған 96 млрд теңгенің 20 млрд теңгесі жобаны жүзеге асыруға жұмсалғанын айтуда. Атап айтқанда, 800 оқушыға арналған мектеп пен 280 пәтерлік тұрғын үй кешені салынған. Бүгінде 360 пәтерден тұратын тағы екі тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда.

«Инвестор 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне келіп, Қазақстанның әлеуетін көріп, қаржы құю туралы шешім қабылдады. Басты мәселе – болашақ құрылыс алаңы салынатын аумақ бос жер болатын: су құбыры, электр желісі және кез келген инженерлік инфрақұрылым мүлдем болмады. Біз бәрін нөлден бастап жүргіздік», – деді «King Development» ЖШС бас директоры Шыңғыс Аханов.

Келісімшартты бұзуға не себеп?

Алайда 2024 жылдың ақпанында тапсырыс беруші – квазимемлекеттік компания келісімшартты бұзды. Ресми себеп – 700 000 теңге көлеміндегі жерді жалға алу бойынша тоқсандық төлемдердің кешіктірілуі. Инвестор бұл қарыз келісімшарт бұзылғанға дейін толық өтелгенін айтады.

Тағы бір себеп – құрылыс мерзімдерінің бұзылуы деп көрсетілді. Бірақ инвестордың мәлімдеуінше, кешігудің себебі – квазимемлекеттік компания өз тарапынан электр қуаты үшін қажетті қосалқы станцияны уақытында орнатпаған.

«Біз миллиардтаған теңге инвестиция салдық, жұмыс орындарын құрдық, инфрақұрылым тұрғыздық, бірақ енді бізді елден шығарып жатыр. Бұл тек біздің мәселеміз емес – бүкіл халықаралық инвестициялық қауымдастыққа алаңдататын белгі», – деді малайзиялық инвестор Хии Вэй Вэн.

Сот шешімі және инвестордың алаңдаушылығы

Спикерлердің айтуынша, келісімшартты тоқтату арқылы белгіленген ережелер бұзылып отыр. 2023 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған Жарлыққа сәйкес Инвестициялық штабтың шешімдері барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар үшін міндетті.

«13 желтоқсандағы штаб отырысының хаттамасында мұндай шаралар Бас прокуратурамен келісілуі тиіс деп көрсетілген, бірақ бұл ереже ескерілген жоқ. Осы талаптар мен Бас прокуратураның қарсылығына қарамастан, бірінші және екінші сот инстанциялары квазимемлекеттік компанияның шешімін қолдады», – дейді олар.

Малайзиялық компания өз қаражаты есебінен дайындалған жер телімі тапсырыс берушімен байланысы бар кәсіпорындарға берілуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұл салынған инвестицияның қайтарылуына және жобаның жүзеге асуына қатер төндіреді.

Сонымен қатар, инвестор мұндай жағдай Қазақстанның шетелдік капиталға ашық ел ретіндегі беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар