Қоғам

Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

 Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21 наурызы мен 2025 жылдың 31 наурызын қоса алғанда он бір күнге жалғасады.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

• театр фестивальдері мен қойылымдары;
• шеберлік сабақтары;
• қауіпсіздік сабақтары;
• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
• спорттық ойындар;
• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

— Ең бастысы — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады, — делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.