Қоғам

Үй тонауға келіп, ерлі-зайыптыны атып кеткен: күдікті табылмай жатыр

Қылмыстық іс қозғалды.

Алматыда үй тонауға келіп, ерлі-зайыптыны атып кеткен қаскөй табылмай жатыр. Элита санатындағы тұрғын үй кешенінде бақылау камерасы толып тұрғанымен, біреуі де істемеген.

КТК телеарнасының хабарлауынша, сондықтан да күдіктінің түр-әлпетін де дереу анықтау мүмкін болмапты. Ал қарақшыға қарсылық танытып, оқтан жараланған күйеуі мен әйелі қазір ауруханада жатыр. Бірнеше ота жасалып, жағдайы жақсарған.

Телеарна мәліметінше, қаланың жоғары бөлігіндегі тұрғын үй кешендерінің біріндегі оқиға жұма күні таңертең болған. Қара киініп, қаруланған ер адам пәтерге айламен кірген.

Болжам бойынша, күдікті пәтерге кірмес бұрын ішкі жарықты өзі өшірген. Содан кейін өзін "электрикпін" деп таныстырып, есікті аштырған. Полицейлер саусақ іздерін алды, оны қызыл бояудан байқауға болады. Оқиға орнынан түсірілген видеодан қабырғалардың тесілгенін, еден мен жиһаз қанға боялғанын байқаймыз.

Тапаншаның оғы, көршілерінің айтуынша, 40 жастағы әйелдің кеуде тұсы мен білегіне, 39 жастағы күйеуінің қолына тиген. Екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті. Ер адамға бірден операция жасалып, аман қалды. Қазір оның жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Енді әйеліне операция жасалмақ. 

Тергеу мәліметінше, қылмыскер пәтерді тонамақ болған, бірақ жоспары іске аспай, қашып үлгерген.

Наурызбай ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, іздестіру шараларын жүргізуде. Алайда тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камералары істемейді, сондықтан қылмыскердің қайда жасырынғаны белгісіз.