Алматыда спорт басқармасының қызметкерлері 56 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Алматыда спорт басқармасының қызметкерлері 56 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматыда спорт басқармасының және оның ведомстволық бағынысты ұйымының қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету фактісі бойынша Спорт басқармасы мен Олимпиадалық резервті даярлау орталығының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр”, – делінген агенттік хабарламасында.
Олар іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны есептеу және төлеу арқылы 56 млн теңгеден астам ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді. Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, 3 маусымда Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Жетісу” футбол клубының директорын тұтқындағанын жаздық. Агенттік мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдары оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 85,4 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын сенімді тұлғалардың карточкалық шоттарына аудару арқылы жымқырған.