Майқайыңдағы апатқа байланысты прокурорлар жергілікті органның әр актісін тексере бастады
Майқайыңдағы апат: Прокурорлар кәсіпорынға рұқсат берген жергілікті органның әр актісін тексере бастады
Майқайыңдағы апатқа байланысты прокурорлар кәсіпорынға рұқсат берген жергілікті органның әр актісін тексере бастады. Бұл туралы Бас прокурордың мәжіліс депутаттарына берген жауабында жазылған.
Бас прокурордың хабарлауынша, қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу əрекеті (тінту, алу, сараптама, жауап алу) жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша кəсіпорынның жауапты тұлғаларының, сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының əрекеттері мен əрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі.
– Өз кезегінде, Павлодар облысы əкімдігі жанындағы өңірлік жедел штаб (құрамына облыстың құқық қорғау, арнаулы жəне өзге де мемлекеттік органдары кіреді) Майқайың кентінің тұрғындары үшін кəсіпорынның əсер етуінен туындауы мүмкін тəуекелдерді зерделенуде. Кəсіпорынның өнеркəсіптік алаңы 10 мыңға жуық тұрғыны бар Майқайың кентінің жанында орналасқандығы анықталды. Санитариялық-қорғау аймағына 206 жер учаскесі кіреді, оның ішінде 311 адам тұратын ғимараттарымен 103 учаске бар. Прокуратура органдары аталған учаскелер бойынша жергілікті атқарушы органның əрбір актісінің заңдылығын зерделеп жатыр, – деп жауап береді Бас прокуратура.
5 ақпаннан бастап кəсіпорынның жерасты кенішіндегі жұмысы тоқтатылған. Штаттық режимде байыту фабрикасы, автокөлік цехы, əкімшілік-тұрмыстық корпус жəне басқа да қосалқы бөлімшелер жұмыс істеп жатыр. 50% жалақысы төленетін 185 жұмысшының жұмысы әзірге тоқтап тұр.
Ал Бас прокуратураның ақпаратына сүйенсек, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.