Асырап алған балаларын құлдықта ұстаған
Ұлытау облысында асырап алған балаларын бес жыл бойы шаруашылық фермада жұмыс күші ретінде пайдаланған өгей ана қамауға алынды.
Ұлытау облысында асырап алған балаларын бес жыл бойы шаруашылық фермада жұмыс күші ретінде пайдаланған өгей ана қамауға алынды. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкіл Динара Закиева Іnstagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews. kz
Динара Закиеваның айтуынша, ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршы өкілдерден құралған мобильдік топ бір отбасының үш баласын – бір қыз бен екі ұлды тапқан. Оларды өгей ана балалар үйінен 2018 жылы асырап алған. Ол кезде балалар 14, 12, 8 жасар болған.
Үлкендеріне қаладан 20 шақырым жердегі фермада мал бақтырған. Омбудсменнің сөзінше, комиссия мүшелері фермаға келіп, балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп шошыған. Олардың денесі көгеріп, тілінген, азып-тозып, шаршаған, аш, көз жанары солған, кір-қожалақ, киімдері жыртық.
Тексеру барысында ұлытаулықтың 3 бала үшін жәрдемақы алып келгені де анықталды.
"Балалардың үлкені – қыз, колледжді тәмамдаған, алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде "оқиды". Құқық қорғау органдары білім мекемесін тексерсе, ата-анасы үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтама беріп отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан", – деп жазды Закиева.
Бұл тексеруге Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ атсалысқан. Іс барысында қамқоршының жақында тағы да "патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма?" деп сұрастырғаны анықталды.
Сонымен қатар, бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір ІІМ, Прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрылғанын айтты.