Саясат

Қаржы министрі Мәди Такиев Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды

Қаржы министрі Мәди Такиев Қырғызстанға ресми іссапармен барып, Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиевпен екіжақты кездесу өткізді. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаев та қатысты.

Тараптар биыл сәуірде Астанада Қазақстан мен Қырғызстанның Президенттері қол қойған «Одақтық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты» және «Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді» іске асыруды талқылады.

Мәди Төкешұлы айтқандай, Қазақстан көршілес елмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Мәселен, бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы өзара сауда көлемі 1,5 млрд долларға жетті. Енді бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

«Менің ойымша, Мемлекет басшылары қол қойған құжаттар Қазақстан-Қырғызстан қатынастарының дамуына тың серпін береді. Бұған қазір барлық деңгейде жолға қойылған белсенді және сенімді саяси диалог септігін тигізіп отыр. Күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан екі мемлекет кейбір бағыттарда сауда қатынастарын сақтап, нығайтты. Біз қырғыз тарапы секілді жақын арада тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», деді М.Такиев.

Қырғызстанға жұмыс сапарын аяқтаған бойда ведомство басшысы  «Қордай» және «Қарасу» өткізу пункттерінің, сондай-ақ қолданыстағы ақпараттық жүйелердің жұмысын тексерді.

Министрге шекарадан өту кезінде бақылау жүргізу процестері мен көлік құралдарының өту алгоритмі айқын көрсетілді.

Орта есеппен алғанда «Қарасу» өткізу пункті арқылы тәулігіне 500-ге жуық жүк көлігі, ал «Қордай» арқылы 300 көліктей (5 тоннаға дейін) өтеді. Шекарадан өту уақыты шамамен 25-30 минут.

Сондай-ақ Мәди Такиев ақпараттық жүйелердің тиімділігін, атап айтқанда тауарларды өткізу кезінде кез келген бұзушылықтарды анықтап, алдын алуға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін бағамдады.

Тұтастай алғанда, Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО елдерімен барлық шекарада тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етіп келеді. Өткізу пункттерінде бақылау шаралары ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкес жүргізілетінін айта кеткен орынды.