Әлеумет

Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірген күдіктіге үкім шықты

Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұржан Хайруллаевқа үкім шықты. Ол бұрынғы әйелін қылғындырып өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды.

«Нұржан Хайруллаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Хайруллаевтан Сағымбаеваның пайдасына 318 062 теңге материалдық шығын, заңгердің көмегіне 500 мың теңге өндірілсін. Хайруллаевтан Сағымбаеваның пайдасына 20 млн теңге моральдық зиян өндірілсін», - деді судья Алтынбек Сабыров.

Алайда сот үкімімен жәбірленуші тарап келіспеді. Олар апелляциялық шағым түсірмек.

«11 жылды аз деп есептейміз. Сіңлім Айбану бар болғаны 26 жаста, өрімдей қыз еді. Артында екі қыз, бір ұлы қалды. Әрі қарай арызданамыз. Әкелік құқығынан айыруға арыз түсіреміз. Балаларын өмір бойы көрмесін. Қазір 6, 5, 3 жастағы балалары менің қолымда. Түнімен жылап шығады, іздейді. (...) Балалардың жағдайы өте қиын», - деді марқұмның әпкесі Сәуле Сағымбаева.