Қоғам

"Болашақтың" неше түлегі елге оралмады – министр жауап берді

13,5 мың адам осы бағдарлама бойынша оқып шыққан

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекет алдындағы борышын өтемеген «Болашақ» түлектерінің ссаны қанша екенін айтты.

«2010-2013 жылдары „Болашақ“ бағдарламасын өзім басқардым. Бағдарламаның шарықтап тұрған кезінде жыл сайын 2 мыңға дейін степендиант алынса, қазір жыл сайын 500-дей адам қабылданады. Одан бөлек „500 ғылыми тағлымдама“ дейтін жеке бағдарлама бар. Ол жерде де жыл сайын 400-ден 500-ге дейін степендиант қабылданады. Сонда қазір жыл сайын 1000-ға дейін адам шетелге оқуға кетеді. Яғни, бағдарлама көлемі екі есе қысқарды. Бюджетіне келсек, шарықтап тұрған кезінде жыл сайын шамамен 20 млрд теңгедей болған. Қазір 20 млрд теңгеден сәл аз» — деді Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне жауап берген министр. 

Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет алдындағы борышын өтемеген түлектердің үлесі 2 пайызға да жетпейді. 

«Бағдарлама шартын орындамаған немесе бұзған, соның ішінде шетелге кетіп қалған түлектердің саны 200-ден асады. Пайызға шақсақ, көпшілік ойлап жүргендей үлкен емес, 2 пайызына да жетпейді. 13,5 мың адам осы бағдарлама бойынша оқып шыққан», — деді Саясат Нұрбек.