Құлсары қаласында жаңадан салынатын 100 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмысы басталды
Құрылыс жұмыстарын «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Казкомсервис» ЖШС жүргізуді қолға алды
Атырау облысының Құлсары қаласында жаңадан салынатын 100 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмысы басталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Inform.kz сілтеме жасап.
Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабынан хабардар еткендей, жаңа тұрғын үйлерді «Болашақ» шағын ауданынан бөлінген жер теліміне салу көзделген. Қазір 48 үйдің іргетасын құю жүргізіліп жатыр.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салу жоспарланып отыр. Ал 20 үйді салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді.
«Қазір арнайы бөлінген жер телімінде бетон төсеу жұмысымен қатар іргетас, монолит құю атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында экскаватор, автотиеуіш, автоаударғыш, автокран секілді басқа да техникалар тартылды. Бұл жұмыс аяқталған соң жаңа үйлердің қабырғасын көтеру үшін тас қалау басталады. Бұл үшін жергілікті жерден құрылысқа қажетті инертті және өзге де материалдар табылып отыр. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес, құрылысты жүргізетін мердігерлер жергілікті мекемелерден таңдалды», - дейді Ернар Қадырқұл.
Оның дерегіне сүйенсек, әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метр. Жобаға сәйкес жаңа үйлерде 5 бөлме бар. Оның ішінде, ас ішуге арналған, екі жатын, қонақ бөлмесіне қоса санитарлық торап қарастырылған.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты тұрғын үй құрылысына жұмыс күшін тарту бойынша лимит саны көбейтілді. Құрылыс жұмыстарын «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Казкомсервис» ЖШС жүргізуді қолға алды. Бұл компаниялардың әрқайсысына 50-ге жуық жұмысшы тартылып отыр», - деп мәлім етті Ернар Қадырқұл.