Қоғам

Сенатта әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері қаралды

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша үдерістерді оңтайландыру мен әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастарының неғұрлым ашық әрі қолжетімді жүйесін құруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесті. Кездесуге қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру мен міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелерін, сондай-ақ зиянды еңбек жұмысымен айналысатын адамдарды қорғау жөніндегі шараларды талқылады.

Сенатор әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, еңбек нарығының ағымдағы жай-күйі мен даму келешегін бағалау, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды қолдау шаралары мен халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру мәселесіне депутаттар ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

 «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еңбек нарығын дамыту және қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Ол еңбек нарығындағы түбегейлі өзгерістерді, оның ішінде жарты миллионнан астам адамды қамтитын цифрлық экономика мен жұмыспен қамту тұғырнамалық тұрғыда өсе түскенін атап өтті. Мемлекет басшысы осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтуды тұғырнамалық түрде реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, өндірістегі жарақаттану деңгейінің жоғары екені туралы мәселе көтерілді, кәсіби қауіптердің алдын алу үшін құжаттарды әзірлеу туралы министрлікке тапсырма берілді. Парламент Президент айтқан міндеттер мен мақсаттарды басым деп санайды, сондай-ақ тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау үшін осы міндеттерді іске асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын», - деді Нұртөре Жүсіп.

Светлана Жақыпова өз кезегінде қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмыссыздықтың алдын алу, әлеуметтік қамсыздандыру саласында уақытында мемлекеттік қызмет көрсету мен сапасын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге бағытталған министрліктің жұмысы туралы айтып берді.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша үдерістерді оңтайландыру мен әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастарының неғұрлым ашық әрі қолжетімді жүйесін құруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.