Қоғам

Құлсарыда құрылыс күзде аяқталады

Қалған инженерлік коммуникациялар жүргізіліп тұр

Атырау облысы Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынатын үйлердің құрылысы күзде аяқталады.

Өңірдегі төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, қазір құрылыс компаниялары 80 жеке үйдің іргетасын қалауға дайындықты бастады.

Құлсары қаласының "Болашақ" шағынауданындағы алғашқы 80 үй "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынады.

Атырау облысы  Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бүгінде топырақты тегістеу жұмыстарына үш мердігер ұйымның 20 арнайы техникасы мен 30 жұмысшы жұмылдырылған. 

– Қазір іргетас құрылысымен қатар, жаңа шағынауданға жол инфрақұрылымын салу жұмыстары басталды. Қалған инженерлік коммуникациялар жүргізіліп тұр, – деді Нұрберген Құсайынов.

Атырау облысының әкімдігімен арада қол қойылған меморандум шеңберінде, жергілікті атқарушы орган жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін суға кетпейтін қауіпсіз аймақтардан бөлуді қамтамасыз етуде. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган құрылыс жүргізу мерзімі мен техникалық талаптарды сақтай отырып, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды.