"Желтоқсан туралы қойылымдар өткізбеу" туралы құжатқа қатысты министрлік қызметтік тексеріс бастады
Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына мұндай тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
Қазақстанда жоғары оқу орындарына Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік үшін күрес тақырыбында сахналық қойылымдар өткізбеу туралы жолданған делінген хат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған құжатқа қатысты қызметтік тексеріс бастады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған 12 қарашадағы құжатта жоғары оқу орындарына студенттердің қатысуымен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік үшін күресті бейнелейтін қойылымдар ұйымдастырмау сұралған. Алайда мұндай талаптың себебі түсіндірілмеген.
Құжатта мұндай қойылымдардың орнына «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарын кеңінен насихаттау ұсынылған. Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналған дәрістер, пікірталастар мен зияткерлік ойындар өткізу қажеттігі көрсетілген.
Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына мұндай тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
Ведомство тексеріс қорытындысы бойынша ресми жауабын кейінірек жариялайтынын хабарлады. Әзірге әлеуметтік желіде тараған құжаттың түпнұсқалығы расталған жоқ.
Айта кетейік, биыл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне 35 жыл толады.
