Құлсарылық 357 тұрғын өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды
Әзірге 109 тұрғынның жеке шотына ақша аударылған.
Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен 357 тұрғын өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды облыстық жедел штаб.
Әзірге 109 тұрғынның жеке шотына ақша аударылған.
Құлсары қаласында мобильді топтар бір тәулікте тұрғындарға 300-ге жуық бағалау парағын таратқан.
Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 1 200 нысанды бағалау қорытындысын дайындады. Үйі суға кеткен 357 тұрғын өтемақы алу туралы келісімге қол қойды. Ал 109 тұрғынның жеке шотына өтемақы қаражаты аударылды, - деп хабарлады жедел штабтан.
Құлсары қаласының тұрғыны бағалау компаниясы есептеп, ұсынған қаражат оның есебімен сәйкес келгенін айтты.
Тағы бір тұрғын Күнзира Тәжіғұлова ақшалай өтемақыға жаңа тұрғын үй сатып алуды көздеп отыр.
Су тасқынынан бүлінген мүлікті бағалау жұмысын осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
"Қазір Құлсары қаласында бағалау нәтижесін таныстыруға 20 мобильді топ жұмылды. Олар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Мобильді топтардың жұмысы барлық бағалау жұмысы толық аяқталғанға дейін күн сайын демалыссыз жүргізіледі. Тұрғындарға №20 мектепте апатты деп танылған үй иелері мен су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай өтемақы төлеуге қатысты ақпарат беріліп отыр. Ал, мәдениет үйінде өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойылады", - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.