Руханият

Дина Төреәлінің дауынан кейін Хабар арнасы түсініктеме берді

Ол спикерлердің бірі болмақ.

Көпшіліктің сынынан кейін «Хабар» телеарнасы жағдайға түсініктеме берді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Бұған дейін Дина Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында «Хабар» телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс түскенін айтқан. Ол ұсынысты қабылдап, Астанаға келген соң жобаның редакторы және продюсерімен кездескенін жеткізді.

Алайда бұл жаңалық желі қолданушыларының бір бөлігінің наразылығын тудырды. Олар журналистика саласында білім алған мамандар жұмыс таба алмай жүргенде, телеарнаға кәсіби білімі жоқ блогерлердің шақырылуын сынға алды.

Өзіне айтылған сынға жауап берген Дина Төреәлі жоғары білім туралы пікір білдірді.

Блогер дипломы болмаса да, жеке кәсібі мен табысы бар екенін айтып, өз ұстанымын қорғады.

Даудың ушығуына байланысты «Хабар» телеарнасы жаңа жобаның форматын түсіндірді. Телеарна мәліметінше, 23 қарашадан бастап «Ой тұмар» атты ток-шоу эфирге шығады.

Бағдарламаның жүргізушілері – Жайна Сламбек, Мөлдір Досбай, Ләйлә Сұлтанқызы және Ақмоншақ Нұртаза. Ал Дина Төреәлі, Лаура Лесбек пен Риза Данияр аптасына бір рет қатысатын негізгі спикерлердің бірі ретінде қарастырылған.

Осылайша, Дина Төреәлі бағдарламаның тұрақты жүргізушісі емес, пікірталасқа қатысатын спикерлердің бірі болмақ.