Қоғам

Желтоқсан әдеттегіден жылы болады

Синоптиктердің мәліметінше, желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде бірдей жылы ауа райы болмайды.

Қазақстанда биыл желтоқсан әдеттегіден жылы болады. Елдің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы көпжылдық қалыпты көрсеткіштен 1–2 градус жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Синоптиктердің мәліметінше, желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде бірдей жылы ауа райы болмайды. Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының шығыс бөлігінде және Алматы облысының шығысында ауа температурасы әдеттегі желтоқсан айының деңгейінде сақталады.

Желтоқсанда қай өңірлерде қатты аяз болады?

Ел аумағының басым бөлігінде, соның ішінде оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда желтоқсанның орташа температурасы 5–13 градус аяз шамасында болады.

Ең суық ауа райы Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында күтіледі. Бұл өңірде айлық орташа температура 17 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.

Ал Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батысында қыс біршама жұмсақ басталады. Мұнда желтоқсан айындағы орташа температура 4 градус аяз бен 3 градус жылылық аралығында болады деп болжанып отыр.

Желтоқсанда қар көп жауа ма?

Қазгидрометтің болжамынша, желтоқсанда еліміздің барлық өңірінде жауын-шашын мөлшері көпжылдық қалыпты көрсеткішке сай болады.

Яғни синоптиктер әзірге қыстың алғашқы айында қар мен жаңбыр мөлшері әдеттегіден айтарлықтай көп немесе аз болады деп болжап отырған жоқ.

Жалпы, Қазақстанда желтоқсан – күн қысқарып, түн ұзаратын ай. Ауа райы өңірлердің географиялық ерекшелігіне байланысты айтарлықтай өзгереді.

Синоптиктердің мәліметінше, ерекше суық жылдары желтоқсандағы температура көпжылдық көрсеткіштен 6–14 градус төмендесе, жылы жылдары 4–10 градус жоғары болуы мүмкін.

Қазгидромет бұл болжамның алдын ала жасалғанын ескертеді. Ауа райының өзгеруіне қарай болжам да нақтыланады.