Араб банкі Қазақстанда несие беруге рұқсат алды
Қазақстанда бір банк алғаш рет клиенттеріне дәстүрлі банк қызметімен қатар исламдық қаржыландыру ұсына алатын болды. Мұндай құқықты Біріккен Араб Әмірліктерінің Abu Dhabi Commercial Bank тобына кіретін ADCB Kazakhstan алды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке екі лицензия берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Клиент үшін не өзгереді?
Исламдық қаржыландыруды таңдаған адам немесе кәсіпкер сол қызметті әмбебап банктен де ала алады. Бір банк ішінде дәстүрлі қызметпен қатар исламдық қаржыландыру қағидаттарына сай өнімдер ұсыну тетігі «исламдық терезе» деп аталады. Оны қолдану үшін бөлек ислам банкін ашу қажет емес.
Мұндай мүмкіндік биыл 16 қаңтарда қабылданған банк туралы жаңа заңда көзделген. ADCB Kazakhstan осы тетікті қолдануға рұқсат алған алғашқы банк болды. Агенттік қандай өнімдер ұсынылатынын және олардың клиенттерге қашан қолжетімді болатынын хабарламада көрсетпеген.
Қазақстанға қай банк келді?
Abu Dhabi Commercial Bank – актив көлемі бойынша Біріккен Араб Әмірліктеріндегі үшінші ірі банк. Қыркүйектің соңында банк тобының активтері 242,3 млрд АҚШ долларын құраған. Акцияларының 60,77 пайызы Mubadala инвестициялық компаниясы арқылы Абу-Даби үкіметіне тиесілі.
Банктің Қазақстандағы ұйымы сәуірде тіркелген. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияларды Қазақстан қаржыгерлері конгресінде табыстады. Осылайша шетелдік қатысуы бар жаңа банкті құру рәсімі аяқталды.