Экономика

Декретте отырған азаматтардың зейнетақы жарнасы қысқарады

Алайда, бұл өзгеріс базалық зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтіліне әсер етпейді

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алатындардың зейнетақы жарналарына мемлекет тарапынан жасалатын қосымша төлем алынып тасталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарға тек әлеуметтік төлемнің өзінен ұсталатын міндетті зейнетақы жарналары ғана түсетін болады. Бұл өзгеріс бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алатындарға қатысты. Жаңа ереже төлем жаңадан тағайындалатындарға да, бұған дейін алып жүргендерге де бірдей қолданылады.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың соңына дейін мемлекет зейнетақы аударымдарының жалпы мөлшері орташа айлық табыстың 10 пайызын құрауы үшін жетіспейтін айырманы өз есебінен төлеп келген еді. Енді бұл қолдау шарасы тоқтатылады.

Алайда, бұл өзгеріс базалық зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтіліне әсер етпейді. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жұмыс істемейтін ата-ананың үш жасқа дейінгі баланы күту кезеңі бұрынғыдай кіре береді. Мұндай кезеңнің жалпы ұзақтығы 12 жылға дейін құрауы мүмкін.