ҚазҰУ студенттің өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Тергеу жалғасып жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматыда қаза тапқан студент қыздың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектескенін және тергеу жүргізіп жатқан полициямен байланыста екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Университет марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Оқу орнының мәліметінше, басшылық пен қызметкерлер қыздың қамқоршысы және туған-туыстарымен тұрақты байланысып, оларға қолдау көрсеткен.
«Оқиға орын алған сәттен бастап оқу орны Алматы қаласы Полиция департаментімен тығыз байланыста жұмыс істеп, өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетіп келеді», – делінген хабарламада.
ҚазҰУ басшылығы оқиғаның барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты анықталғанын қалайтынын жеткізді. Университет құқық қорғау органдарымен байланысын жалғастырып, тергеу барысын назарда ұстайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ оқу орны тергеу аяқталғанға дейін түрлі болжамдар мен расталмаған ақпараттарды таратпауға шақырды.
Оқиға туралы не белгілі?
Еске салайық, 6 қараша күні кешке Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында бірінші курс студенті қаза тапқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бойжеткен журналистика факультетінде оқыған және Шымкенттен Алматыға білім алуға келген.
7 қарашада Алматы қаласының полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Қыздың өліміне не себеп болғаны әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.