"Жанып тұрған қыз еді": Алматыда қайтыс болған студенттің нағашы әпкесі сол күнгі оқиға туралы айтып берді
Қайғылы хабар жеткеннен кейін туыстары Алматыға шұғыл аттанған.
Алматыда қайтыс болған ҚазҰУ студенті Жанельдің нағашы әпкесі қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, Жанель қаза болған күні жақындарымен сөйлесіп, ешқандай алаңдаушылық білдірмеген. Ал қайғылы хабар жеткеннен кейін туыстары Алматыға шұғыл аттанған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Жанельдің нағашы әпкесі қыздың өмірге құштар, отбасына жақын болғанын айтады. Оның сөзінше, студент оқуға түскелі үйіне бірнеше рет келіп, жақындарын сағынғанын айтып жүрген.
Оның айтуынша, Жанельдің оқуына бастапқыда 550 мың теңге төлеген. Кейін студент грантқа ауысып, шәкіртақы ала бастаған. Қыздың болашағынан үлкен үміт күткен жақындары оның оқуын аяқтап, маман атануын қалаған.
Қайғылы оқиға болған күні де нағашы әпкесі Жанельмен әдеттегідей сөйлескен. Кешкі сағат бестер шамасында студент әкесіне хабарласып, тамақ алуға ақша сұраған.
Алайда сол күні кешкі тоғыздар шамасында өзін оқу орнының деканы ретінде таныстырған адам хабарласып, Алматыға шұғыл жетуін сұраған. Жанельдің жағдайы туралы нақты ақпарат бермеген.
Нағашы әпкесінің айтуынша, олар полиция басқармасының алдында бірнеше сағат күткен. Кейін оқиға орнына барып, мән-жайды білуге тырысқан. Алматыда тұратын сіңілісіне де хабарласып, Жанельдің жағдайын білуді өтінген.
Кейін туыстары Жанель тұрған бөлмеге барып, оның жеке заттарын алып кеткен. Сол жерде бірге тұрған студенттерден оқиға болған кештің мән-жайын сұраған.
Нағашы әпкесінің айтуынша, студент қыздар Жанельдің дүкенге шығып келгенін, бөлмеге кірген соң шай ішуді ұсынғанын жеткізген. Алайда бөлмедегі қыздар демалып жатқанын айтқан. Жанель де бөлмелесі келгенше тынығып алмақ болған. Бұған дейін ол бірге тұратын қызға «Қашан келесің?» деп хабарлама жазған екен.
Студенттер Жанельді кейін шкаф жанында асылған күйде тапқандарын айтқан.
«Денесінде көгерген іздер болды. Маған тек шындық керек»
Жанельдің нағашы әпкесі марқұмның денесін көргенде арқасы мен аяқ-қолында көгерген іздер байқағанын айтты. Алайда олардың неден пайда болғанын білмейді.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері туыстарынан жауап алған. Жанельдің телефоны тергеу органдарында қалған. Ал сараптама қорытындысы шамамен бір айдан кейін дайын болатыны айтылған.
Жанельдің нағашы әпкесі қыздың өз еркімен өмірден кетуі мүмкін екеніне сенбейді. Ол Жанельдің қандай да бір қысымға ұшыраған-ұшырамағанын, оқиға алдында не болғанын анықтауды сұрап отыр.