Алатау қаласын дамытудың 30 жылдық жоспары қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қалалық кеңесінің отырысында қаланы алдағы 30 жылда дамытудың ұзақмерзімді жоспарының жобасы қаралды.
Сондай-ақ арнайы құқықтық режимнің нормативтік базасын және қалалық басқару жүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Үкімет.
Ұзақмерзімді жоспар жобасы халықаралық Arup компаниясының кеңесшілерімен бірлесіп әзірленген. Құжат аумақты кешенді талдау, экономикалық және демографиялық әлеуетті бағалау, қаланың кеңістіктік құрылымын, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жобалау негізінде дайындалған.
Жоспардың мақсаты – тұрғындарға қолайлы, бизнес жүргізуге жағдай жасалған, инвестициялық тартымды әрі тұрақты қала қалыптастыру. Онда экономикалық даму, көлік қатынасы, инфрақұрылым және қалалық ортаның сапасы өзара байланыста қарастырылған. Инфрақұрылымдық қажеттіліктер халық саны мен жұмыспен қамтудың болжамды өсімімен үйлестірілген. Сонымен қатар аумақтық және экологиялық шектеулер ескерілген.
Отырыста Алатаудың арнайы құқықтық режимін қалыптастыруға арналған екі реттеуші ереженің жобасы талқыланды.
Бірінші құжат нормативтік құқықтық актілерге қойылатын бірыңғай талаптарды, оларды әзірлеу, қабылдау және қолдану тәртібін белгілейді. Жобада құқықтық сараптама жүргізу, жария талқылау ұйымдастыру және актілерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялау көзделген.
Екінші жоба арнайы құқықтық режим аясында Алатау резиденті саналатын заңды тұлғалардың қызметін реттеуге бағытталған. Құжат кәсіпкерлік пен инвестиция үшін түсінікті әрі ашық құқықтық орта қалыптастыруды көздейді.
Кеңес мүшелері қаланың нормативтік жүйесін әзірлеуге қатысатын Реттеуші комиссияны жасақтау мәселесін де қарады. Оның тәуелсіз мүшелігіне құқық, инвестициялар, қаржылық реттеу, цифрлық активтер және қала құрылысы салаларында халықаралық тәжірибесі бар кандидаттар ұсынылды.
Бұдан бөлек, Алатау әкімшілігінің мамандандырылған органдарының жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Олардың қызметі жер ресурстарын басқаруды, қала құрылысын жоспарлауды, құрылыс жобаларын сүйемелдеуді, цифрлық активтерді дамытуды, сондай-ақ халық пен бизнеске «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді қамтиды.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген мерзімдерді сақтауды, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруды жеделдетуді және қаланы дамытудың стратегиялық міндеттерін іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.