Орташа жылдамдықты бақылайтын алты жаңа аймақ қосылады
Көліктер сағатына 100 шақырымнан аспауы тиіс.
2026 жылғы 9 қарашадан бастап Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бұрылбайтал және Қызылорда – Арал автожолдарында көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын алты жаңа аймақ іске қосылады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға сілтеме жасап.
Аталған бағыттар бойынша рұқсат етілген жылдамдық шектеулері әртүрлі. Мәселен, Алматы – Қорғас тасжолындағы Ұйғыр – Панфилов аймағында сағатына 120 шақырым рұқсат етілсе, Қарағанды – Бұрылбайтал бағытындағы екі аймақта (Шұбартүбек – Гүлшат, Гүлшат – Тасарал) бұл көрсеткіш 140 шақырымды құрайды. Ал Қызылорда – Арал тасжолындағы үш учаскеде (Ақжарма – Ақжар, Ақжар – 103-разъезд, 103-разъезд – Әйтеке би) көліктер сағатына 100 шақырымнан аспауы тиіс.
Жүйенің басты ерекшелігі – көлік жылдамдығы тек камера орнатылған нүктеде ғана емес, бүкіл бақылау аумағында есептеледі. Арнайы құрылғылар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркеп, жүріп өткен қашықтық пен жұмсалған уақыт негізінде орташа жылдамдықты автоматты түрде анықтайды. Егер жүргізуші рұқсат етілген шектен асырса, құқықбұзушылық туралы мәлімет тиісті уәкілетті органдарға жолданады.
Жаңа бақылау аймақтарын енгізу жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілердің ереже сақтауына ықпал етуге бағытталған.