Қоғам

Қысқы азық пен ыстық бауырсақ: Астанада жылдың соңғы жәрмеңкесі өтті

Астанадағы «Қазанат» ипподромында биылғы соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Ақмола облысының 20 ауданынан келген шаруалар елордаға мың тоннаға жуық азық-түлік жеткізді. Тұрғындар қысқа қажетті ет пен көкөнісін сатып алып, ұлттық тағамдардан дәм татты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Сауда сөрелерінде картоп пен көкөніс мол болды: олардың жалпы көлемі 375 тоннаға жетті. Сондай-ақ 250 тонна ет және шұжық өнімдері, 180 тонна ұн, 80 тонна сүт пен сүт өнімдері әкелінді. Бұған қоса, шаруалар балық, жарма, өсімдік майы мен 350 мың дана жұмыртқа ұсынды.

Жәрмеңкеге отбасымен келгендер азық-түлік алумен шектелмей, концерт тамашалап, ұтыс ойындарына қатысты. Үлкен LED-экраннан күзгі егін жинау науқанының көріністері көрсетілді. Ашық аспан астындағы тамақтану орындары мен арнайы шатырларда ыстық бауырсақ және өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.

Елорда тұрғыны Гүлнәр Айтбаева жәрмеңкеден қысқа жететін ет пен көкөністі тиімді бағаға алғанын айтты.

«Біз мұнда таңертеңнен бері жүрміз. Жәрмеңкенің ауқымы таңғалдырды. Қысқа жететін ет пен көкөністі өте тиімді бағада сатып алдық. Бізге ыстық бауырсақ ұсынды, ерекше концерт тамашаладық. Көңіл күйіміз көтеріліп қалды», – деді ол.

Жылдың соңғы жәрмеңкесі шаруаларға өнімін ұсынуға, ал қала тұрғындарына қысқы азығын қамдап алуға мүмкіндік берді.