Әлеумет

Мектепте уланған 60-қа жуық бала ауруханадан емделіп шықты

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен оқушылар емделіп, үйіне жіберілді.

Ведомство мәліметінше, 12 қазаннан бастап Алматыдағы балаларға арналған қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға 58 оқушы жатқызылған. Дәрігерлер балаларға қажет медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізген. Қазір олар ауруханадан шыққан.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені туралы жазған едік. Оқушылардың уланғанын Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растаған. 

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың улануына қатысты жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде мектептің тамақтану блогында азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптарының бұзылғаны анықталды. Сосын бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген. Оған қоса дезинфекция жүргізіліпті.