Қоғам

Қазақстанда алдағы қыс қандай болады: синоптиктер болжамы

Синоптиктер қыс мезгіліне арналған консультативтік маусымдық ауа райы болжамын жариялады. Мамандар алдағы қыстың қандай болатынын айтты.

Консультативтік маусымдық болжамға сәйкес, 2026-2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы, атмосфералық жауын-шашын мөлшері орташа болады деп күтіледі.

Қазақстанның солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін.

Республика аумағының кей жерлерінде бұрқасын, желдің екпінді соғуы болжанады. Сондай-ақ көктайғақ құбылыстары мен тұман болуы ықтимал. Қыс бойы ауа температурасының күрт құбылуы да болжанып отыр. Бұл қар жамылғысының ішінде мұз қабатының түзілуіне ықпал етуі мүмкін.

Желтоқсан

Желтоқсан айында республиканың бүкіл аумағында орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтіледі.

Жауын-шашын мөлшері:

республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында;

нормадан жоғары – солтүстікте, солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстың солтүстік бөлігінде (Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында);

нормадан төмен – Қызылорда облысының оңтүстігінде.

Қаңтар

Қаңтар айында республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі.

Қазақстанның солтүстік-батыс жартысында, атап айтқанда Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп болжанып отыр.

Жауын-шашын мөлшері:

республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында;

нормадан жоғары – Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында;

нормадан төмен – Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында.

Ақпан

Ақпан айында республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-3°С жоғары болады деп күтіледі.

Республиканың солтүстігі мен шығысында (Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысында, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде) климаттық норма шамасында болады.

Жауын-шашын мөлшері:

республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары;

климаттық норма шамасында – елдің батыс жартысында (Батыс Қазақстан, Атырау және Түркістан облыстарында, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Ұлытау облысында, Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысында, Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысында);

нормадан төмен – Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында.