Алматыда кітап алу үшін кезекке тұрған жастар көпшілікті тәнті етті
Алматыдағы Kitapal дүкенінде кітаптарға 50% жеңілдік жарияланып, сауда орнына жиналған жұрттың қарасы қалыңдады. Кітап алуға келген тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрып, бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кезекте тұрған жұртшылықтың бір-біріне сыпайы қарап, сабыр сақтағаны көпшіліктің көңілінен шықты.
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Kitapal кітап дүкенінде түсірілген суреттер тарады. Кадрлардан кітап сөрелерінің арасында жүрген адамдарды, сөрелерге жақындау үшін кезек күткен тұрғындарды көруге болады.
Желі қолданушыларының айтуынша, дүкенде кітаптарға 50% жеңілдік жарияланған. Осыған байланысты кітап сатып алуға ниет білдіргендер әдеттегіден әлдеқайда көп жиналған.
Кезекте жастар да, ересектер де бар. Бірі өзіне ұнаған кітапты іздесе, енді бірі бірнеше кітапты қатарынан сатып алуға тырысқан.
“Бір кітап оқи қояйын деп едім, бүкіл Алматы сондай шешімге келіпті ғой”, – деп әзілдеді желі қолданушыларының бірі.