Қоғам

Астанада пәтер алаяқтығына қатысты 19 адам күдікке ілінді

Астанада пәтерлерді заңсыз иемденуге қатысты ірі алаяқтық ісі әшкереленді. Тергеу мәліметінше, бұған дейін 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін сотталған азамат түрмеден шыққан соң жаңа қылмыстық схема ұйымдастырған. Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы “Төленді” тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы А. Байжұманов ұйымдастырған. Ол 2016 жылы 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін Астана әкімдігінің қатысуымен аяқсыз қалған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік осал топтарға берілуге тиіс болған.

Алайда тергеу мәліметінше, түрмеден шыққан Байжұманов сыбайластарымен бірге осы пәтерлерді заңсыз иемденудің жолын ойластырған.

Олар шын мәнінде үлескер болмаған, пәтер сатып алмаған адамдардың атына кооперативке жарна төлегені туралы жалған келісімшарттар жасаған. Құжаттар бұрынғы күнмен рәсімделген.

Кейін осы адамдардың атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық туралы арыздар түсірілген. Соның негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші ретінде танылған.

“Қылмыстық топ сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді, кейін оларды үшінші тұлғаларға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді жоспарлаған”, – делінген агенттік хабарламасында.

Тергеу барысында бұл іске 80-нен астам жалған үлескер тартылғаны анықталған. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу көзделген.

Осылайша, жалпы құны 4,4 миллиард теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.

Агенттіктің мәліметінше, ұйымдасқан топ мүшелерінің әрқайсысына жеке міндет жүктелген. Бірі жалған үлескерлерді тауып, құжат рәсімдесе, енді бірі келісімшарттарды басқа азаматтарға сатып, қылмыстық істердің қозғалуына ықпал еткен.

Тіпті кооперативке жарна төлеу туралы жалған келісімшарттарды азаматтарға сатып, оларды 400 миллион теңгеден астам шығынға батырған.

Бұдан бөлек, тергеу барысында бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Олардың лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және дәлелдемелерді бұрмалауы бойынша тергеу басталды.

Қазір іс бойынша 19 адам күдікті деп танылған. Олардың тоғызы қамауда отыр. Сондай-ақ күдіктілердің жалпы құны 250 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.

Соталды тергеу аяқталды. Қазір қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр.