Ақмола облысындағы көлден зейнеткердің мәйіті табылды
Ақмола облысында балық аулауға кетіп, үйіне оралмаған 68 жастағы ер адамның мәйіті көлден табылды.
Зейнеткер Жарлыкөлге балық аулауға кеткен. Кешке үйіне оралмаған соң, туыстары алаңдап, көмекке жүгінген.
Ер адамды іздеуге полицейлер, құтқарушылар және маңайдағы ауылдардың тұрғындары қосылған.
Көл жағасынан шамамен 100 метр қашықтықта жоғалған адамның резеңке қайығы табылған. Оның ішінде етігі мен бас киімі болған.
Сүңгуірлер балықшының мәйітін келесі күні таңертең судың екі метр тереңдігінен тапты.
Белгілі болғандай, ер адам балық аулауға құтқару кеудешесін кимей шыққан.