Қоғам

Астанада жолаушы қызға тиіскен inDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамауға алынды

Сапар кезінде таксист бойжеткенге интимдік сұрақтар қойып, жақын қатынас ұсынған

Астанада inDrive жүргізушісі жолаушы қызға тиіскені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұған қала тұрғынының әлеуметтік желіде жариялаған шағымы себеп болды.

Бұған дейін астаналық қыз Threads әлеуметтік желісінде жүргізушінің әрекетінен қатты қорыққанын жазған еді. Сапар кезінде таксист бойжеткенге интимдік сұрақтар қойып, жақын қатынас ұсынған. Жолаушының айтуынша, ер адам көлікті басқа бағытқа бұрып әкеткенде, ол көлікті тоқтатудың амалын тауып, құрбысына қоңырау шала бастаған. Осыдан кейін ғана жүргізуші сабасына түсіп, жолақысын алып, оны жіберген.

Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін полиция қызметкерлері жедел іздестіру жүргізіп, 42 жастағы жүргізушіні анықтады. 13 қазанда Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қаралды.

Сот хабарламасында: «К.-ның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оның өз кінәсін мойындаған жауабымен, полиция инспекторының рапортымен және жәбірленушінің түсініктемесімен толық расталады», – деп көрсетілген. Сот қаулысымен ер адамға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.