Қазақстандық екі балуан АҚШ-та өткен U23 әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Қазақстандық балуандар Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан U23 әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Грек-рим күресінен сынға түскен отандастарымыз тиісінше 72 және 60 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде топ жарды.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Юсуф Ашрапов жарысты сенімді жеңістермен бастап, финалда Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездесті. Тартысты өткен белдесуде Юсуф 4:3 есебімен жеңіске жетіп, U23 әлем чемпионы атанды.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков те қарсыластарының барлығын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
Финалға жолдама үшін өткен белдесуде украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен жеңген Айбек алтын жүлде үшін әзірбайжандық Елмир Алиевпен кездесті. Шешуші белдесуде қарсыласынан 13:4 есебімен басым түскен отандасымыз әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының тағы екі балуаны медальға таласады. 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей балуанын 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Енді ол алтын медаль үшін Иран өкілі Ясин Әли Яздиімен белдеседі.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта Джохар Узаров жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі.