Руханият

Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ халықаралық театр фестивалі басталды

Фестивальге Қазақстанның, Қырғызстан мен Қарақалпақстанның 11 театры қатысады

Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестивальге Қазақстанның, Қырғызстан мен Қарақалпақстанның 11 театры қатысады. Сахна саңлақтары бес күн бойы қазақтың көрнекті қаламгерінің драматургиялық мұрасын паш ететін қойылымдарды көрермен назарына ұсынбақ.

Салтанатты рәсім Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында өтті. Театр тойына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, Рахымжан Отарбаев атындағы “Руханият” қорының төрайымы, драматургтің жары Сәуле Отарбаева, театр және кино өнерінің көрнекті өкілдері қатысты.

— Рахымжан Отарбаев – Атырау топырағынан түлеп ұшқан қаламгер ғана емес, қазақ әдебиеті мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, барша қазаққа ортақ суреткер. Қаламгер атындағы халықаралық фестивальдің туған жерінде өтуінің мәні ерекше. Театрдың дамуы – бір ғана өнер саласының жетістігі емес, қоғамның мәдени деңгейінің де көрсеткіші. Бүгінгі фестиваль осы дәстүрді жалғастырып, Атыраудың мәдени кеңістігін жаңа шығармашылық байланыстармен толықтырады деп сенемін,— деді өңір басшысы. 

Фестивальдің басты мақсаты — Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық театр өнерін дамыту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту.

Фестиваль аясындағы спектакльдер 12-16 қазан аралығында Махамбет атындағы театрда және Атырау жастар театрында өтеді. Қойылымдарды отандық және шетелдік театр өнерінің мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалап, үздік шығармашылық жұмыстарды анықтайды.