Әлем

Әзірбайжанда мектептердегі хиджабқа тыйым халықтың жаппай наразылығын тудырды

Әзірбайжанда мектепке хиджаб киіп келуге тыйым салған жаңа ережелер жаппай наразылыққа ұласты. Баку мен елдің өзге өңірлерінде жүздеген адам көшеге шығып, оқушылар сабаққа бойкот жариялады.

21 қыркүйекте Әзірбайжан Министрлер кабинеті мемлекеттік мектептердегі бірыңғай формаға қатысты ережелерге ресми түрде өзгерістер енгізді. Үкімет қаулысы бойынша, "мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптарды бұзатын және зайырлы білім беру қағидатына қайшы келетін қосымша киім элементтеріне" тыйым салынды. Алайда түзетулерде нақты қандай киім элементтері туралы сөз болып отырғаны көрсетілмеген.

Қазан айының басында Баку мен өңірлердің тұрғындарынан кейбір мектептердің хиджаб киетін оқушы қыздар мен мұғалімдерді сабаққа кіргізбей жатқаны туралы шағымдар түсе бастаған. Осыдан кейін оқушылар мен ата-аналар наразылық білдіріп, көпшілігі сабаққа бойкот жариялаған.

JAMnews мәліметінше, мектеп оқушыларының ұлдары да хиджаб киюді қалайтын сыныптастарына қолдау көрсетіп жатыр. Наразылықтарға мұғалімдер, қоғам және дін қайраткерлерін қоса алғанда, жүздеген адам қосылған. Олар хиджаб киетін оқушыларды сабаққа кіргізбеу балалардың білім алу құқығын бұзады деп есептейді.

Наразылық білдірушілер діни киім киюге тыйым салған мектептердің терезелерін сындырған. Minval Politika Telegram-арнасының мәліметінше, наразылыққа қатысушылар Бакудің Қарадағ ауданындағы мектеп директорының көлігін өртеген. Ал Ясамал ауданында жиналғандар мектептердің бірінде өрт шығаруға әрекеттенген, алайда өрттің таралуына жол берілмеген.

Әзірбайжанның ішкі істер органдары ұсталғандарға қатысты қоғамдық тәртіпті ұйымдасқан түрде бұзу фактісі бойынша қылмыстық істер қозғады. Әзірбайжан Конституциясына сәйкес, ел — зайырлы мемлекет.

Конституцияның 18-бабында мемлекеттік білім берудің зайырлы сипаты бекітілген. Алайда наразылық білдірушілердің пікірінше, мектептерде хиджаб киюге тыйым салу азаматтардың Конституцияда кепілдік берілген діни сенім бостандығын және "Бала құқықтары туралы" заңды да бұзады.

Әзірбайжанның білім беру мекемелері бұған дейін де діни киімдер мен рәміздерге тыйым салуға әрекеттеніп, соның салдарынан наразылықтарға тап болған. Ең ірі наразылықтар 2010–2011 жылдары өткен. Сол кезде Әзірбайжан қалаларында оппозициялық діни қайраткерлерді қоса алғанда, 200-ден астам адам қамауға алынған.

Ал қазір Әзірбайжан Ішкі істер министрлігі 37 адамның ұсталғанын хабарлады.