Қоғам

Алматыда кісі өліміне қатысы бар төртінші күдікті ұсталды

Алматыда бейнежазбаға түсіп қалған қылмыс бойынша жаңа деректер белгілі болды.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 61 жастағы тұрғынды өлтіру дерегі бойынша қазір 4 күдікті ұсталған. Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.

— Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полициядан.

Тергеу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында екені атап өтілді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда таңғы сағат 4:34–те ер адамның басына пакет кигізіп, ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен видеосы тарады. Желідегілер мұны «заңсыз риэлторлардың» әрекеті деп күдіктенеді.