«Яндекс Go Qazaqstan» компаниясы кейбір ақауларға байланысты мәлімдеме жасады
Компания мамандары сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқанын мәлімдеді.
«Яндекс Go Qazaqstan» компаниясы «Яндекстің» кейбір сервистерінде техникалық ақаулар болуы мүмкін екенін ескертті. Компания мамандары сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда жексенбі, 11 қазанда «Яндекстің» курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған сервистері ашылмай қалды.
Компания не дейді
Компанияның хабарлауынша, мамандар мәселені біледі әрі ақауларды жою жұмысын жүргізіп жатыр. Пайдаланушыларға жағдай туралы жаңалықтар ресми парақшаларда жарияланатыны айтылды.
Компания қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде және ел заңнамасына сәйкес олардың тиісті деңгейде қорғалуын қамтамасыз ететін юрисдикцияда сақталатынын атап өтеді. Цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз ету үшін үлестірілген есептеу инфрақұрылымы пайдаланылады: жекелеген технологиялық компоненттер әртүрлі елдердегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан компоненттердің біріндегі техникалық ақау бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал. “Біз ресми арналарымыз арқылы пайдаланушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге сервистердің жұмысы қалпына келтіріліп жатқаны туралы ақпарат беруді жалғастырамыз” делінген хабарламада.
Ақауларға не себеп болды
Бұл ескерту Ресейдегі «Яндекс» инфрақұрылымында елеулі мәселелер туындаған тұста жарияланды. 8 қазанда компания Рязань облысының Сасово қаласындағы деректер орталығы ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан кейін жұмысын тоқтатқанын хабарлаған. Келесі күні Калугадағы деректер орталығы да шабуылға ұшырап, инфрақұрылымының бір бөлігі істен шыққан. Ал 11 қазан таңертең Yandex Cloud Владимирдегі деректер орталығы зақымданып, жұмысы тоқтағанын мәлімдеген.
Бұл оқиғалар бұлтты платформаның және «Яндекстің» кейбір сервистерінің жұмысына әсер еткен.
Алайда «Яндекс Go Qazaqstan» Қазақстандағы пайдаланушылар байқаған іркілістердің Ресейдегі деректер орталықтарына жасалған шабуылдармен байланысты екенін растаған жоқ. Компанияның мәлімдемесінде техникалық қиындықтардың нақты себебі айтылмаған.