Қоғам

Емханалардың жұмысын бағалау жүйесі өзгереді

Біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру.

Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалау жүйесі өзгереді, деп хабарлайды  Денсаулық сақтау министрлігі.

Енді алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарының қызметі маманның консультациясын күту уақытына, диагностикалық тексерулердің уақтылы өтуіне және стационардан шыққан соң пациентті әрі қарай бақылау деңгейіне қарай бағаланады. Жұмыс сапасын анықтау үшін бірыңғай 100 балдық жүйе енгізіліп, көрсеткіштер цифрлық ақпараттық жүйелердің мәліметтері негізінде әр тоқсан сайын автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ аурулардың алдын алу, балаларды жоспарлы вакцинациялау, скринингтерден өту және қатерлі ісікке күдік туындаған кездегі диагностиканың мерзімі де жеке ескерілмек.

Стандарттың жаңа редакциясында АМСК деңгейіндегі медициналық көмектің көлемі нақты белгіленген. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кіретін қызметтер, оның ішінде алғашқы буын мамандарының қабылдауы, шұғыл көмек кабинетінің қызметі, ЭКГ, флюорография және негізгі талдаулар пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Сонымен қатар пациенттер емханаға қайта келмес үшін тексеру нәтижелері мен алғашқы қабылдаудан кейінгі ұсынымдар медициналық жүйе арқылы жеке кабинетке автоматты түрде жолданады.