Экономика

Қытайда 8 шақырым тереңдіктен 500 миллион жылдық тау жыныстары алынды

Қытай инженерлері Такла-Макан шөліндегі Фумань кен орнында 8 080 метр тереңдіктен тау жыныстарының үлгілерін алды. Олардың жасы шамамен 500 миллион жылды құрайды, деп хабарлады Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC).

Алынған үлгілер ғалымдарға ежелгі геологиялық қабаттардың құрылымын зерттеуге, мұнай мен газдың түзілуіне және жиналуына қаншалықты қолайлы екенін анықтауға көмектеседі.

Фумань кен орнында 6 мың метрден төмен жатқан қабаттардан осы уақытқа дейін 26 миллион тоннадан астам мұнай мен газ өндірілген.

Мұндай тереңдікте бұрғылау күрделі технологияларды қажет етеді. Жер қойнауына тереңдеген сайын температура мен қысым жоғарылап, тау жыныстарының қаттылығы артады. Бұл бұрғылау жабдықтарына түсетін жүктемені күшейтеді.

Қол жеткізілген нәтиже Қытайдың терең қабаттардан мұнай мен газ өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, Жер қойнауын зерттеуге қосымша мүмкіндік береді.