Әлеумет

16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі парақшаларына шектеу енгізіледі

Әзірге шектеудің нақты қалай жұмыс істейтіні және қай платформаларға қолданылатыны толық бекітілмеген.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелу тәртібін өзгертуге бағытталған түзетулер әзірленді. Құжат қабылданса, әлеуметтік желілер мен басқа да онлайн-платформалар пайдаланушының жасын растауға міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Үкімет жасты тексерудің бірнеше тәсілін қарастырып отыр. Соның ішінде адамның бет-жүзін тану технологияларын пайдалану, сондай-ақ аккаунттағы белсенділікті талдау тәсілдері бар.

Мысалы, жүйе пайдаланушының қандай контент көретінін, кімдерге жазылғанын, қандай қауымдастықтарға кіретінін және платформаны қалай пайдаланатынын сараптауы мүмкін.

Жасты шамамен анықтауға арналған Face ID-ге ұқсас технологияларды қолдану да қарастырылып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жас растау тетіктерінің бірі ретінде AgeKey жүйесін атаған.

Жаңа талаптар бұрыннан ашылған аккаунттарға да әсер етуі мүмкін. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр.

"Он алты жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату қаралатын болады. Нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады. Ұсынылатын тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің таралуына жол бермеу негізінде оның жасын растау қағидатына негізделеді. Сол арқылы балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырылады. Тиісті шектеуді нақты іске асыру тетіктері жұмыс топтарында егжей-тегжейлі пысықталады", – деді Бектенов.

Әзірге шектеудің нақты қалай жұмыс істейтіні және қай платформаларға қолданылатыны толық бекітілмеген.