Қорғаныс министрлігі: Президентке тексерістің алғашқы нәтижелері баяндалды
Ақордада комиссия мүшелерімен кеңес өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Жиында комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің алғашқы нәтижелерін баяндады.
Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану және басқа да заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды. Ал Маңғыстау облысындағы әскери жаттығу кезіндегі десант түсіруді ұйымдастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі салғырттық фактілері бойынша бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Бұған қоса, әскердегі әлімжеттік пен жарғыға қайшы әрекеттер бойынша да қылмыстық істер ашылған.
Кеңесте Маңғыстау облысындағы трагедия Қарулы күштердегі қордаланған жүйелік проблемаларды көрсеткені және оқу-жаттығуларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктерге жол берілгені атап өтілді. Мемлекет басшысы кінәлі тұлғалардың барлығы заң алдында жауап беретінін және бұл мәселе оның жеке бақылауында болатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді және тексеріс нәтижелерін Қарулы күштерді реформалау жоспарында ескеруді тапсырды. Қазіргі уақытта комиссия жұмысы жалғасып жатыр.