Ресейге жұмысқа барған жігіт алданып қалған: СІМ пікір білдірді
Қазақстандық жігіттің Ресейге кеткеніне бір айдан асқан.
20 жастағы шымкенттік жігіттің анасы елден көмек сұрады. Айтуынша, ол ұлы бір айдан бері Ресейден қайта алмай отыр. Анасы ұлына әлдекімдер жалақысы үлкен жұмысқа шақырғанын айтады. Аталған жайтқа қатысты СІМ пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақстандық жігіттің Ресейге кеткеніне бір айдан асқан. Туыстарының айтуынша, 27 тамызда ол шекарадан өткен. Орыс тілін аса түсінбейтін оған сол жақтың азаматтары мектеп пен балабақшада күзетші болу үшін тиісті құжатқа қол қою керек екенін айтқан көрінеді. Кейін соғысқа баратынын жеткізіпті.
"Содан кейін баламды қорқытқан. "Егер бармайтын болсаң , 15 жылға соттатып жібереміз" деген. Қорыққанынан еріп кете берген ғой. Енді қазір күніге хабарласады. Жанайқайы шығып жылап, "құтқарыңызшы, анашым" деп. Балам қазір полигонда отыр екен", - дейді Перизат Елеусізова.
Жиырма жастағы жігіт жақында Отан алдындағы борышын өтеп келген. Кейін күзетші болып жұмыс істеген. Ол анасына Ресейден шақырту алғанын әскерден келгелі тоқтаусыз айтып жүріпті. "Жалақысы жақсы, жататын жері мен тамағы тегін" деген соң, анасы амалсыз көнген. Енді ұлын елге қайтара алмай егіліп отыр.
Жігіттің жақындары осыған дейін құзырлы органдарға жүгініпті.
Сыртқы істер министрлігі телеарнаға пікір білдіріп, тиісті дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.
Заңгерлер бұл алғашқы жағдай емес екенін айтады. Сондықтан шет мемлекеттен шақырту түссе, сөзге емес, келісімшартқа мән беру керек дейді.