Әлем

Германиядағы әуежайда Boeing 737 ұшағы өрт сөндіру көлігімен соқтығысты

Германиядан Анталияға ұшуға дайындалып жатқан Boeing 737 ұшағы өрт сөндіру көлігімен соқтығысты. Жолаушылар қосалқы ұшақты бес сағаттай күтуге мәжбүр болды.

30 қыркүйекте, кешке Германияның оңтүстігіндегі Фридрихсхафен әуежайында Corendon Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағы өрт сөндіру қызметінің көлігімен соқтығысты.

"Анталияға бағыт алған Corendon Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағы ұшу-қону жолағына қарай бұрылу кезінде орнында тұрған өрт сөндіру көлігіне соғылды. Жолаушылардың бірінің айтуынша, соқтығыс ұшақ бұрылуды бастағаннан кейін 6 секунд өткен соң болған", - делінген хабарламада.

Оқиға салдарынан ұшақтың сол қанаты қатты зақымданған. Зардап шеккендер жоқ, келтірілген шығын шамамен 300 мың еуроға (шамамен 150 млн теңге - ред. ескертпесі) бағаланып отыр. Жолаушылар әуе кемесінен шығуға мәжбүр болды. Шамамен бес сағаттан кейін олар қосалқы бортпен Түркияға ұшып кетті.