FlyDubai рейсінің төрт жолаушысы ерлігі үшін марапатталатын болды
Израиль президенті Ицхак Герцог Дубай – Тель-Авив рейсінде апаттың алдын алған төрт жолаушыны марапаттауға ниетті.
Герцог кеңсесінің мәліметінше, төрт жолаушы Израильдің жоғары марапатына ие болады. Тізімде Цвика Манес, Шота Мусаев, Асаф Раджуан және Янив Хайонның есімдері көрсетілген.
Мәлімдемеде айтылғандай, "ұшқыштардың бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған, соның салдарынан ұшақ биіктігін күрт жоғалта бастаған".
"Үндістандық ұшқыш Смит Маччхар өзіне шабуыл жасаушымен айқасқа түсіп, кабина есігін ашты, ал Тали Манес жағдайдың ушығып бара жатқанын хабарлап, дабыл қақты.
Хайон, Манес және Раджуан көмекке асығып, кабинаға кірді және өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан шабуыл жасаушыны залалсыздандырды, ал Хайон ұшақты тұрақтандыру үшін басқаруды өз қолына алды.
Шабуыл жасаушыны тыныштандырғаннан кейін, дәрігер Мусаев ауыр жараланған ұшқышқа шұғыл медициналық көмек көрсетіп, ұшақ Сауд Арабиясына шұғыл қонғанға дейін оның жағдайын тұрақтандырды", - делінген мәлімдемеде.
Flydubai ұшағындағы төтенше жағдай
Израиль Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді. Кейіннен әуе кемесінің Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды. Артынша Flydubai әуекомпаниясы израильдік телеарнаға Дубай-Тель-Авив рейсінде ұшқыштар арасында төбелес болғанын хабарлады.
БАҚ-та Украина мен Ресейден келген ұшқыштар жолаушы ретінде ұшып, FlyDubai ұшағын басқаруды қолға алғаны туралы хабарланды. Кейін FlyDubai әуекомпаниясының ұшағында әріптесінің шабуылынан зардап шеккен ұшқыштың Үндістан азаматы Смит Маччхар екені анықталды.
Flydubai әуекомпаниясы оқиғаны тергеу аяқталғанға дейін Израильге және кері бағыттағы рейстерді тоқтатты. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху төбелес шығарған ұшқышты залалсыздандыруға көмектескен Flydubai рейсінің жолаушысымен кездесті.
Сондай-ақ оқиға кезінде жараланған ұшақ капитанының жағдайы туралы мәлімет белгілі болды.