Экономика

Қазақстанда миллионнан астам адамның табысы күнкөрісіне жетпейді

Қазақстанда бір миллионнан астам адамның айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді.

Биылғы екінші тоқсанда олардың қатары тағы 17,6 мың адамға көбейген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп.

Есепті кезеңде күнкөріс минимумы айына 67,6 мың теңге болған. Ал 1 млн 34 мың қазақстандықтың табысы осы сомадан да төмен. Бұл — елдегі әр жиырмасыншы тұрғын.

Табысы аз тұрғындардың басым бөлігі үлкен отбасыларда тұрады. Күнкөріс минимумына жетпейтін табыспен өмір сүретіндердің 908,8 мыңы — бес және одан көп адамнан тұратын отбасылардың мүшелері. Олардың саны бір жылда 6%-ға артқан.

Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Мұнда халықтың 8,4%-ының табысы күнкөріс минимумынан төмен. Абай, Жетісу және Маңғыстау облыстарында да бұл үлес елдегі орташа көрсеткіштен жоғары.

Астанада табысы күнкөрісіне жетпейтін тұрғындардың үлесі басқа өңірлерге қарағанда аз. Дегенмен олардың саны бір жылда 6%-ға көбейіп, 48,5 мың адамға жеткен. Алматыда да өсім бар: қалада 97,9 мың адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

Ал 34,5 мың қазақстандықтың айлық табысы тіпті азық-түлік себетінің құнын өтеуге жетпейді. Екінші тоқсанда бұл сома 37,2 мың теңге болған. Яғни олардың табысы күнкөріс минимумынан ғана емес, азық-түлікке есептелген ең төменгі сомадан да аз.

Бір жылмен салыстырғанда табысы күнкөріс минимумына жетпейтіндер саны сәл азайғанымен, соңғы тоқсанда қайта өскен.