Экономика

Қызылорда облысында мал шаруашылығына бөлінген 60 млн теңге жымқырылды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтады.

2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құрады. Жоба ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражатқа 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара және етті қаптауға арналған жабдық сатып алу жоспарланған.

Тергеу деректеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған.

Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерліктерінің шоттарына заңсыз аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.