Қоғам

"Бұл қайғы - барлық қазақ елінің қайғысы": Қорғаныс министрі қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына барды

Орын алған қайғылы жағдай үшін отбасылардан кешірім сұрады.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхаттарын жеке өзі табыстады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Министр қара жамылған отбасыларға мемлекет пен армия атынан теңдессіз қазаға байланысты қайғыра көңіл айтып, орын алған қайғылы жағдай үшін отбасылардан кешірім сұрады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қолдау білдіріп, марқұм сарбаздардың барлығы мемлекеттік наградаларға ұсынылатынын, ал отбасыларына жан-жақты көмек беріліп, оқиғаға кінәлі тұлғалардың ең қатаң жазаға тартылатынын хабарлаған еді.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде дауыл соғып, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Құтқару және іздестіру операциясы нәтижесінде 3 сарбаз аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің 5 лауазымды тұлғасы қамауға алынып, ІІМ тарапынан кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларына «Ұлттық рух» бірыңғай қоры арқылы республика бойынша материалдық көмек жиналып жатыр.