Қарызымыз аз, бірақ оны қымбатқа алып отырмыз: экономист Қазақстанның шығынын есептеді
Қазақстанның мемлекеттік қарызы ел экономикасының шамамен 22%-ын құрайды. Бұл әлемдегі төмен көрсеткіштердің бірі.
Алайда сол қарыздың пайызын төлеуге мемлекет шығысының 11,1%-ы жұмсалады. Экономист Андрей Чеботарев Finance.kz Telegram арнасында осы екі көрсеткішке назар аударды.
Экономист келтірген 2025 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның қарыз бойынша таза пайыздық шығыны АҚШ-тағы 10,7%-дан да жоғары. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткіші — 4,9%.
Мұндағы 11,1% қарыздың өзін қайтаруға кеткен қаржы емес. Бұл — мемлекет қарызы үшін төлейтін пайыздан өзі алатын пайыздық кірісті алып тастағандағы шығынның жалпы мемлекеттік шығыстағы үлесі.
«Біз қарызды өте қымбатқа алып отырмыз», — деп жазды Чеботарев. Оның пікірінше, мәселе қарыз көлемінде ғана емес, оны қандай шартпен алуда және қалай басқаруда. Қарыз пайызына көп ақша кеткен сайын, бюджетте мектеп, жол мен денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаржыға қысым артады.
Экономист қарызды төлеу үшін қайта қарыз алуға тура келетін жағдайдың қаупін де атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шығынды азайту үшін экономиканың өсуі немесе бюджет шығысын қайта қарау қажет болуы мүмкін.